«Суық тиген соң іштім»: Павлодар облысында ауыл әкімі жұмысқа мас болып келген

Автор: Azattyq Rýhy

Әкімнің ақталған сөзі әдеп жөніндегі кеңес мүшелерін сендіре алмады

Павлодар облысында ауыл әкімі жұмыстан қуылуы мүмкін. Бұл жағдайды облыстық әдепжөніндегі кеңес мүшелері талқылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Pavlodarnews жазуынша, Екібастұз қаласына қарасты Әлкей Марғұлан атындағы ауылдың әкімі Бауыржан Бозтаевтың жұмыста мас күйінде болғаны туралы ақпарат ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының сенім телефонына ауыл тұрғынынан түскен. 

Әдеп жөніндегі уәкіл аталған деректі тексеруге барған. Ауыл тұрғынының сөзін медициналық сараптама растады.

Бауыржан Бозтаев өзінің бұл әрекетін әкім болып тікелей дауыс беру арқылы сайланғанын және 2023 жылдың 30 қаңтарынан бері қызметте екенін айтып ақталды. Бұған дейін оның басшылық қызметте және мемлекеттік қызметте тәртіптік жазасы болмаған.

«Мен бұл деректі растаймын. 15 наурызда ауылды су басты. Түскі астан кешке дейін соны шығарумен айналыстық. Қатты суық тиген соң ішіп алдым. Бұл ісіме қатты өкінемін. Сіздерге және менің ауылымның тұрғындарына осы орында болуға лайықты екенімді дәлелдеу үшін тағы бір мүмкіндік беруді сұраймын», – деді ауыл әкімі

Айта кетейік, тұрғындардан Бауыржан Бозтаевты қорғап, өз әкімдеріне қатысты жұмсақ шешім шығаруды сұраған үндеу түскен.

Алайда бұл сөздер әдеп жөніндегі кеңес мүшелерін сендіре алмады. Олар мемлекеттік қызметшінің жұмыс орнында мас күйінде болуын өрескел заңбұзушылық деп санады. Бірауыздан Екібастұз қаласының әкіміне Бауыржан Бозтаевты қызметінен босатуды ұсыну туралы шешім қабылданды.