Өрттен құрбан болғандар мен зардап шекккендер жоқ
Павлодардағы Теміржолшылар кентінде үй өртенді. Сол жерден өтіп бара жатқан азамат үйдің ішінен газ баллонын алып шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің мәліметінше, 28 наурызда 101 пультіне Теміржолшылар кентінде Бәйтерек көшесі, 66 мекенжайында жеке үйде түтін шыққандығы туралы хабарлама түскен.
«Оқиға орнына келісімен 2 пәтерлі 3 бөлмелі кірпіш үйдің ас бөлмесінде тоңазытқыш, тартылған төбе жабындысы, жартылай ағаш құрылымдар жанғаны анықталды. Өрт алаңы 5 шаршы метрді құрады», – деді мекемеде.
Өрттің шығу себебі - электр сымдарының қысқа тұйықталуы болған. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт сағат 16:42-де жойылды.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін осы үйдің жанынан өтіп бара жатқан аталған мекеменің №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Ермек Мұханов жарылыс қаупінің алдын алды.
«Азаматтық қорғау старшинасы Ермек Мұханов 27 литрлік 1 газ баллонын үйден алып шыққан», – деді мекемеде.
Өртті сөндіруге «Павлодар облысы ТЖД ӨСжАҚЖҚ» ММ жеке құрамының 11 қызметкері мен үш техника жұмылдырылды.