«Үлкендердің бұйрығын бұлжытпай орындаған»: Алматы облысында оқушы мерт болды

Автор: Azattyq Rýhy

Қайғыдан қан жұтқан отбасы кінәлілердің тиісті жазасын алуын талап етеді.

Алматы облысында көз жұмған 14 жастағы Айболаттың туыстары оқушының өліміне әлімжеттік себеп болды деп есептейді туыстары. Қара жамылған отбасы «ұлымызды жоғарғы сыныптың оқушылары мен студенттер соққыға жыққан» деп отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

«Ауылдың сотқарлары өзінен жасы кіші балалардан үнемі ақша жинап күш көрсетеді» дейді марқұмның жақындары.

Іш-құрылысына зақым келген 9-сыныптың оқушысы үш күн бұрын ауруханада бақилық болған. Қайғылы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Ауруханада көз жұмған 14 жастағы Айболатты туыстары кеше ғана жер қойнына тапсырған. Бұл қаза тұтас бір әулетке ауыр соққы болған. Қара жамылған отбасы қайғылы оқиғаға әлімжеттік себеп дейді.

«Үйге сағат 10.30-11.00 шамасында келді. Келді де, құсты. Құсқан соң жедел жәрдем шақырдым. «Міне, балаңызды көріңіз, ішектері жарылып іріңдеп кеткен, ішінен қатты соққан, қан ұйып қалған» деді. Балам сап-сау жүрген. Осындай болады деп ойламадым», - дейді баланың анасы Сайрат Ұғыбай.

Марқұмның телефонын қарап шыққан жақындары ауылдың сотқарлары өзінен жасы кіші балаларды бопсалап, үнемі ақша жинайтынын біліпті. Айболатқа қатарластары жіберген аудиохабарламалардан байқағанымыз, 9-сыныптың оқушылары үлкендердің тапсырмасын бұлжытпай орындайтын көрінеді.

Айболаттың ағалары ініміз таяқ жеп, ауыр жарақаттан бақилық болғанына сенімдіміз дейді. Бірақ әлі ешкімнің қамауға алынбауы көңілге күдік ұялатқан.

«Марқұм болған Айболаттың телефонынан жоғары сынып оқушыларының ақша сұрағанын, қанша сұрағанын, не үшін сұрағанына дейін жазылған. Біреудің Kaspi red-ін жауып берген. Біреудің машинасын жөндеуге алған. Біреуге кальян әкеп берген. Бірақ Еңбекшіқазақ ауданы полициясы бөлімінің іс-әрекеті түсініксіз. Тергеудің әділ жүргізілуін сұрамаймыз, талап етеміз», - дейді А. Мұратханның ағасы Талғат Нұрман.

Аймен ауылының шеті. Тұрғындардың айтуынша, дәл осы жерде күндіз жұрт малын жаяды, ал түнде оқушылар мен студенттер жиналады.

Марқұмның туыстары жоғарғы сыныптың оқушылары Айболатты осы жерде соққыға жығуы мүмкін деп отыр.

Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Полиция мәйітті тексеру барысында марқұмның денесінен зорлық-зомбылықтың белгілері табылмағанын жеткізді.

«Арыз ҚР ҚК 106-бабы бойынша тіркелді. Мәйітті тексеру хаттамасында баланың денесінде зорлық-зомбылықты өлім белгілері жоқ екендігі анықталды. Өлім себебін анықтау үшін қажетті сұрақтар қойылған сот - медициналық сараптама тағайындалды. Баланың өліміне нақты не себеп болғаны сот-медициналық сараптама қортындысынан кейін белгілі болады», - дейді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Ал қайғыдан қан жұтқан отбасы тергеу әділ жүргізіліп, кінәлілер тиісті жазасын алуын талап етеді.