$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Құтқарушылар құр қол келді»: Жетісу облысында ауылды су басып қалды

Тұрғындар ТЖД мамандарының дер кезінде келмегенін айтады

Жетісу облысында бүтін ауыл тұрғындары үйлерінен шыға алмай қалды. Кербұлақ ауданы Қызылағаш ауылын  екі күннен бері су басып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Үйі мен аулалары су астында қалған халық тіптен, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатқан кандидаттармен де кездесе алмаған. Тұрғындарды су басқан үйден құтқару үшін еріктілер жүк көліктерін аулаға кіргізге мәжбүр.

Халықты құтқаруға мамандар дер кезінде келмеген. ТЖД бір топ адамды жібергенімен, ағын суды сорғымен шығаруға да, құм төгуге де олардың шамасы жетпеген.

 «15 адам дегені – өтірік. Жағдайды бақылауға бірнеше адамды ғана жіберген. Бөгет ретінде төсеп, төгуге құмы да жоқ. Жергілікті халық үйінен шыға алмай қалған. Күн күрт жылынғанда ауыл судың астында қалды. Халық екі күннен бері сумен алысып жатыр. Көшелер ғана емес, ауылдағы үйлердің аулаларын да су басып қалған. Халық ашулы. Әкімдіктің ақпараты жалған. Дәл қазіргі көріністі, міне, осы видео мен фотолар арқылы дәлелдей аламыз. Құтқарушылар қауқарсыз, құр қол келді. Сол маңдағы таныстарға шығып, қап сұратып, құм әкелуді ұйымдастырып жатырмыз. Ел қашанғы осылай әкімдіктің өтірік есебімен өмір сүреді? Көрші ауылдардан көмек шақырдық», - деді Асқар есімді қоғам белсендісі.

Ауылда 400-ден астам отбасы тұрады. Екі мыңнан астам тұрғын әлі күнге тасқын сумен алысып жатыр. Жергілікті әкімді арық жүйесін қараусыз қалдырғандықтан, ол толықтай бітеліп қалған дейді жергілікті халық. Соның салдарынан су арнасынан шығып, аулаға жайылған. Ал ауылға барған Төтенше жағдайлар департаментінің адамдары жағдай бақылауда деп жайбарақат отыр. 

«5 наурыздағы жағдай бойынша Кербұлақ ауданы Қызылжар ауданында 4 ауланы су басқан. Оқиға орнына 19 қызметкер мен 6 техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта арық жүйесін тереңдету және тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Жетісу облысы ТЖД-іне Кербұлақ ауданы Сарыөзек – Көктал автожолының бойында 9 км жерде орналасқан цемент өндіру бойынша «Alacem»  зауытының аумағын су басу туралы ақпарат түскен жоқ. Алайда әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында  егістіктерден мол қар еру нәтижесінде зауыт аумағын еңіс ағынымен су басқаны туралы видео түсіріліп, әлеуметтік желілерге жарияланғаны анықталды. Қызметкерлердің жұмылдырылуымен еріген қар суын бұру бойыншам шаралар қабылданды. Зардап шеккендер  жоқ. Сондай-ақ зауытқа да залал келген жоқ», - деді Жетісу облысы ТЖД департаменті басшысының орынбасары Игорь Жуков.

ТЖД мәліметінше, тек Қызылағаш ауылы ғана емес, Алакөл ауданының Қабанбай және Жайпақ ауылдарында су басқан. Жергілікті жерлерде жеке құрамның 10 қызметкері мен 3 техника жұмылдырылған. Төтенше жағдайдың алын алуға шамалары жетпеген мамандар азаматтарды көмекке шақырып жатыр.

Тақырыпқа орай: Жетісу облысында еріген қар суы ауыл көшелерін басып қалды

«Ескелді ауданында қардың қарқынды еруі мен арық жүйесінің тазаланбауы салдарынан Жалғызағаш ауылының маңындағы жол бөлігі су астында қалды. Құтқарушылар шұғыл түрде оқиға орнына барып, каналдарды тереңдету және тазалау жұмыстарын жүргізді. Айта кетерлігі, еріген су Биғаш өзеніне транзиттік режимде өтеді. Жетісу өңірінде қар еріп, су төменге аққандықтан, мұз беті жұқарып, өзендердегі су деңгейі көтерілгендіктен су басуы мүмкін. Жалпы, Жетісу өңіріндегі су тасқынына қатысты жағдайы бақылауда. Су тасқынының алдын алу үшін ТЖД қызметкерлері азаматтарды канал жүйелерін тазартуға және аула аумақтарын тазалауға көмектесуге шақырады», - деді Жуков.

Ал «Қазгидромет» РМК болжамынша, алдағы бірнеше күнде ауа температурасы жоғарлайды.

Серіктес жаңалықтары