Даудың басы 2020 жылы «Кублей» зауытының жанынан әкімдіктің «Циолковский» тұрғын үй кешенін салуға рұқсат бергенінен басталған
Өткен жылдың 27 желтоқсанында «Кублей» ісіне қатысты судья Бақтияр Жорабаев сот шешімін шығарған болатын. Ол «Кублей» ЖШС-нің Орал қаласы әкімдігі мен оның басқармаларының үстінен түсірген шағымын толықтай қанағаттандырусыз қалдырды. Судья заңсыз шешім шығарды деген кәсіпорын тарапы ақпан айында аппеляциялық шағым түсірген. Сол шағымның негізінде Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасының бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Апелляциялық алқаның бірінші отырысына «Кублей» зауытының жұмысшылары да келді. Осыған дейін өткен сот процестеріне зауыттың кәсіподақ мүшелері мүлдем қатыспаған болатын.
«Сотқа екінші тарап үйсіз қалуымыз мүмкін деген адамдарды әкеліп отыр ғой. Біздің зауыттың жұмысшыларының да құқығы бұзылып отыр. Бізде жүздеген адамды сотқа әкелуге толық мүмкіндігіміз бар. Бірақ сотқа қысым көрсететіндей ондай әрекетке барып жатқан жоқпыз. Сондықтан кәсіподақ мүшесінің бірнеше мүшесін ғана сот процесіне қатыстырып отырмыз. Олар тек тыңдаушы ретінде қатысып отыр», - деді «Кублей» зауытының ресми өкілі, белгілі заңгер Бақытжан Базарбек.
«Біздің бүгінгі түсірген арызымыз – прокуратураны сотқа қатыстыру. Жоғарғы соттың кассациялық шешімінде нақты прокуратура қатысуы керек деп айтылған. Бірінші инстанцияда Жорабаев істі қарағанда соттың шешімінде прокуратураны қатыстырған. Соттың ұйғарымдарына қарасам, прокурор қатысуы міндетті. Бірақ прокурорға тиісті хаттарды жолдамаған. Соттың қулығын қараңыз, соттың шешімінде прокурордың қатысуы бар, бірақ оған хат жібермеген.
Прокуратура біздің қатысуымыз міндетті емес дейді. Бірақ бұл екі кәсіпкердің арасындағы дау емес қой. Егер заң бойынша шығарылған қаулының үстінен шағым түсірсек әрі қаулының үстінен мемлекеттік нұқсан келтіріліп отырса, прокуратураның қатысуы міндетті.
Жоғары соттың қаулысында прокуратура қатысуға міндетті деп нақты көрсетілген. Енді сот алқасы бізге былай деп жауап берді: біз прокуратураны міндеттей алмаймыз. Шақыру қағазын жібереміз деді.
Басында бұл іске прокурор қатыспағаннан кейін, енді келіп аппеляциялық инстанцияда қатысады дегенге күмәнмен қараймын», - деп отыр заңгер.
Айта кетейік, 2021 жылы БҚО мен Орал прокуратурасы Орал қаласының әкімдігі атына прокурорлық акт жіберген.
«Ол актіде Орал қаласы әкімдігінің егжей-тегжейлі бекіткен жобасы бас жоспарға қарама-қайшы деп көрсетілген. Өндірістік аймақтарда тұрғын үй салуға тыйым салынған делінген. Ол бекілтілмеуі керек еді, әкімдік оны бекітті. Осылайша сәулет қала құрылысы туралы заң нормаларын қатаң түрде бұзды. Құрылыс компаниясы халықтан заңсыз ақша алды. Құрылыс монтаж жұмысын заңсыз бастап кеткен.
Жақын арада өздеріңіз көрдіңіздер, Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Жақып Асанов Орал қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларының әрекетінде қылмыс құрамы бар екенін айтты. Біз оны бұрыннан айтып, шырылдап жүрміз. Өкінішке қарай тыңдап жатқан ешкім жоқ.
Жақып Асановтың бұл әрекетін екіжүзділік деп есептеймін. Өйткені ол Жоғары соттың төрағасы болған кезде, Циолковский тұрғын үй кешені азаматтарының арызы нәтижесінде Азаматтық іс жүргізу кодексіндегі норманы қолдана отырып, заңды күшіне енген Кублейдің пайдасына шешілген соттың шешімін бұздырған еді. Енді басқаша сөйлеп отыр», - деді Бақытжан Базарбек.
Айта кетейік, заңгер бұған дейін судья Жорабаевтың шығарған заңсыз шешіміндегі өрескел қателіктерін тізбектеп шыққан болатын.
Бұдан бөлек, кәсіпорын тарапының заңды өкілі Жәнібек Башанов судья Жорабаевтың іске аса үңілмеген тұсын дәйектерді негізге ала отырып алға тартты.
«Экономикалық соттың судьясы Жорабаев мәселені шатастырды. Кублей зауытының аумағында теміржол бар. Ол теміржол мен салынған тұрғын үйдің арасы да 100 метр болуы керек. Санитарлық қорғау аймағына жатады. Оған қатысты қорытынды рұқсат қағаз да бар. Сол 100 метрге екінші және үшінші үй кіріп тұр. Біз осыны сотта айттық.
Бірақ судья Жорабаев бұл қорытындыны зауыттың аумағындағы тұйық көшеге (тупикке) қатысты деп көрсетіп отыр. Cөйтіп, санитарлық аймаққа үйлер кіріп отырған жоқ дейді. Ал біз нақты тұрған теміржолдан бастап үйлерге дейінгі ара қашықтықтың сақталмай отырғанын дәлелдеп бердік.
Бұдан бөлек, судья Жорабаевтың жіберген қателіктері көп. Ол істі бес ай қарап, шешім қабылдау үшін уақытты созды. Бірақ азаматтық процессуалдық кодекс бойынша, межелі уақыт деген бар. Егер сол арнайы уақыттан асып кетсе, кез-келген процессуалдық іс заңсыз болады. Сот процесіне дайындық 23 қыркүйекте біткеннен кейін қазанның 23-інде шешім шығару керек еді», - дейді заңгер Жәнібек Башанов.
Зауыт тарапы БҚО-ның апелляциялық алқасы судья Жорабевтың қабылдаған шешімін бұзбаса бір ғана зауыт емес, мыңдаған адамның тағдыры шешілетінін еске салды. Айта кетейік, кәсіпорынның тағы да бір заңды өкілі ретінде сотқа Евгений Прицкер де қатысты.
«Егер де аппеляциялық алқа бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырса, қоғам үшін қауіпті жағдай. Біз әрине Жоғарғы сотқа дейін барамыз. Бірақ біз оны қазір жоспарлап отырған жоқпыз. Біз әділдікті осы жерден іздеуге келдік.
Азаматтық іс жүргізу талаптары бойынша аппеляциялық инстанцияның қаулысы шыққаннан кейін ол соттың шешімі заңды күшіне енеді. Заңды күшіне енсе құрылыс компаниясы үш үйдің құрылыс актісін сәулет, қала құрылысы бөліміне тастайды да, сәулет, қала құрылысы туралы заңның 73-бабына сәйкес сәулет, қала құрылысы бөлімі есептік тіркеуге алады. Есептік тіркеуге алғаннан кейін оны тіркеуші органдарға жібереді. Тіркеуші органдар оны 10 күннің ішінде тіркей салады. Осылайша ол қабылданып, заңдастырылады. Сүйтіп санитарлық қорғау аймағы бұзылады.
Апелляциялық саты тек бірінші сатыдағы сотта қаралған дәйкетерді қарауы керек, жаңа деректер жоқ. Басқа дәлелдер болуы да мүмкін емес. Арызданушы біз, сондықтан барлық былықты әшкерелеп, өзіміздің айғақтарымыздың дұрыс екенін дәлелдеп беріп отырмыз», - дейді заңгерлер.
Айта кетейік, аппеляциялық сот процесінің алғашқы күні тек қана «Кублей» тарапы уәждерін баяндап үлгерді. Екінші тарапты алқа мүшелері наурыз айының 16 күні тыңдайтынын хабарлады. Сондай-ақ осыған дейін даудың астында қалған тұрғын үйден пәтер сатып алған бірнеше адам сотқа қатысып келсе, енді алқа сотының мүшелері олардың түгел қатысуын талап етіп отыр әрі әрқайсысына сотқа шақырту қағазын жіберген.
Естеріңізге салай кетейік, даудың басы 2020 жылы «Кублей» зауытының жанынан әкімдіктің «Циолковский» тұрғын үй кешенін салуға рұқсат бергенінен басталған.