Павлодарда қазандық жарылып, екі адам күйіп қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Алдын ала ақпарат бойынша, «Павлодар» ЖШС қазандығының ғимаратында газ-ауа қоспасы жарылған

Павлодарда қазандықта жарылыс болып, екі адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews-ке сілтеме жасап.

ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің алдын ала ақпараты бойынша, «Павлодар» ЖШС қазандығының ғимаратында газ-ауа қоспасы жарылған.

Жарылыс салдарынан қазандық ғимараты жартылай қирап, шатыры құлады. Екі адам зардап шекті. Оның біреуі - компрессор-оператор болса, екіншісі - автогаз тасығыштың жүргізушісі.

"Қоңырау 20 ақпан күні, сағат 16:27-де түсті. Оқиға орнына жедел жәрдем және апаттар медициналық орталығының бригадасы жіберілді", – деді облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз орталығы.

Дәрігерлердің айтуынша, денесін күйік шалған 43 жастағы ер адам бірінші қалалық ауруханаға жеткізілген.
Ал 59 жастағы ер адам ауруханаға жатудан бас тартқан.