Ол 900 мың теңге шығын келтірді
Ақтөбедегі салондардың бірінде маникюр жасаумен айналысатын әйел өз клиенттерінің атынан онлайн-несие рәсімдеп отырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақтөбе облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицияға хабарласқан қала тұрғыны белгісіз біреудің өз атынан 100 мың теңге несие рәсімдегенін айтқан. Тергеу барысында ол салон қызметкері банк картасын пайдалануға сұрағанын есіне түсірді.
«Ештеңеге күмәнданбаған әйел алаяққа реквизиттерін берген. Картасына түскен ақшаны да салон қызметкеріне ұстатқан. Кейін анықталғандай, бұл қаражат онлайн-несиеден алынған. Дәл осы жолмен алаяқ 6 адамның атынан несие рәсімдеген», - деп жазылған хабарламада.
Полицияның хабарлауынша, алаяқ жалпы 900 мың теңге шығын келтірген.
«Күдікті ұсталды. Ол өз кінәсін мойындады. Кәмелеттік жасқа толмаған балалары болғандықтан, ол үй қамаққа алынды», - делінген хабарламада.