Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 600-ден асты

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Зілзаладан көз жұмғандар саны әлі де артуы мүмкін

Фото ашық дереккөзден

Түркияның оңтүстік-шығысында және Сирияның солтүстігінде болған күшті жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 600-ден асты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Түркияның вице-президент Фуат Октайдың айтуынша, елде апат құрбандарының саны 280 адамнан асқан, 2000-нан астамы жараланған. Қаза тапқандардың көбі Кахраманмараш тұрғындары – 70 адам, онда 300-ге жуық ғимарат қираған. Жараланғандардың көбі Шанлыурфа провинциясында – 600-ге жуық адам. Құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. 

Түркияның әртүрлі қаласында кем дегенде 1710 ғимарат қираған немесе зақымдалған.

Сирия билігі кем дегенде 237 адам қаза тауып, 639 адамның жараланғанын тіркеген.

Өз кезегінде, елдің көтерілісшілер бақылайтын аймақтарында жұмыс істейтін SAMS қайырымдылық ұйымы ол аумақта 100-ден астам адамның қайтыс болғанын хабарлады.

Еске салайық, Түркияның Сириямен шекаралас Кахраманмараш провинциясы 6 ақпанда жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 4.00 шамасында 7,4 баллдық жер сілкінісінің ошағына айналды. Көп ұзамай Газиантеп провинциясында магнитудасы 6,6 болатын тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулері жарты сағат бойы әртүрлі аймақта, соның ішінде Анкарада, Адана, Невшехир, Газиантеп, Кайсери, Мерсин, Хатайда сезілді.

Түрлі қалада жүздеген ғимарат қирап, Хатай провинциясында газ құбыры жарылды. Елде дабылдың ең жоғары деңгейі жарияланды.

Сирияда Алеппо тарихи орталығы қатты зардап шекті.

Al Arabiya телеарнасының хабарлауынша, жер сілкінісін Ирак пен Ливанның кейбір аймақтарының тұрғындары сезінген. Сонымен қатар, Израильде бірқатар жерасты дүмпулері байқалды.