«Жабдықтар тозған». 2019 жылы өндірістік нысандарда 11 адам қаза тапты
Өндірістік бақылауды дұрыс жүргізбегендерге 168 млн теңге айыппұл салынды
2019 жылы республиканың қауіпті өндірістік нысандарында 28 оқыс оқиға тіркеліп, онда 24 адам зардап шекті, оның ішінде 11 адам қаза тапса, 7 адам ауыр жарақат алды және 6 адам жеңіл дәрежеде жарақат алды. Бұл туралы Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Оқыс оқиғалар көмір, тау-кен, металлургия, мұнай-химия, мұнай-газ өндіру, жарылыс жұмыстарын жүргізетін нысандарда, қазандық және газ шаруашылықтарында, көтергіш құрылыстарда болған. Жазатайым жағдайлардың негізгі себебі - ескірген, моральдық және физикалық тұрғыдан тозған, қызметтің нормативтік мерзімін өтеген жабдықтарды пайдалану», - делінген хабарламада.
Тағы да себептер - өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары мен ережелерін бұзу. Сондай-ақ өндірістік бақылаудың төмен болуы, я болмаса тіпті жүргізілмеуі және қызметкерлердің төмен біліктілігі.
2019 жылы өндіріс ошақтарында 1447 тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша 50 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды. 168 млн теңгеден астам қаржыға 1,8 мыңнан астам айыппұл салынды, оның ішінде 1422-сі заңды және 463-і жеке тұлғаға.