Екінші сынып оқушысын итеріп жіберген елордалық мұғалім жұмыстан шығарылды

Автор: Әсел Оршыбекова

Мүғалімнің бұл әрекеті бейнебақылау камерасына жазылып қалған

Екінші сынып оқушысын итеріп жіберген елордалық мұғалім жұмыстан шығарылды. Оқиға Астанадағы № 27 мектеп-лицейінде болған. Екінші сынып оқушысының әкесі өз шағымында дене шынықтыру мұғалімі сегіз жасар қызын қолымен итеріп, оған айқайлағанын айтқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бейнебақылау камерасының жазбасында мұғалімнің оқушы қызды қолымен итеріп жіберген сәті анық көрінеді.

Астана қаласы Білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір оқиғаны полиция тексеріп жатыр. Оқушы сот-медициналық сараптамадан өтеді.

Сондай-ақ, Білім басқармасы № 27 мектеп-лицейінде қызметтік тексеріс жүргізгенін хабарлады. Тергеу барысында 2-сынып оқушысына қатысты мұғалім тарапынан педагогикалық этикаға сәйкес келмейтін мінез-құлық фактісі болғаны расталды.

«Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 65-бабының 1-тармағына сәйкес дене шынықтыру мұғаліміне Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымы негізінде қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды.

Мектептің 2023 жылғы 30 қаңтардағы №19 «жұмыстан босату туралы» бұйрығына сәйкес және Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 49-бабының 5-тармағына сәйкес аталған мұғалім жұмыстан шығарылды.

Этикалық нормалар мен талаптарды сақтамау фактілерін болдырмау мақсатында мектеп ұжымымен профилактикалық жұмыс жүргізілді. Басшының тәрбие жөніндегі орынбасарына педагогикалық этиканың негізгі қағидаттарының сақталуын бақылау және мұндай жағдайларға жол бермеу тапсырылды», - делінген хабарламада.