Әулиекөлдегі орман өрті, Екібастұздағы жағдай: «Жастар Рухы» шаруаларының қорытындысын жариялады

Автор: Azattyq Rýhy

Таразда «AMANAT» партиясының кубогына арналған XX Республикалық пікірсайыс турнирі өтті

2022 жылы «AMANAT» партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес республикалық деңгейде 5, өңірлік деңгейде 50-ден астам отырыс өткізді. Республикалық және өңірлік кеңестер жастардың өзекті мәселелерін және оларды шешу жолдарын талқылап, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға 13 ұсыныс жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жастар Рухы» жанынан «BIR TOLQYNDA» диалог алаңдары және «Рухтастар Cases» жастар сессиясы құрылды. Оның аясында жас депутаттар корпусының мүшелерімен, қоғам қайраткерлерімен, түрлі сала өкілдерімен жастардың пікір алмасуы бойынша кездесулер ұйымдастырылды. Диалог алаңдары іске қосылған сәттен бастап 12 мыңға жуық жасты қамтитын 100-ден астам іс-шара өтті.

Мәселен Тараз қаласында «AMANAT» партиясының кубогына арналған XX Республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Турнирдің финалдық ойындарына 600-ден астам пікірсайысшы арасынан іріктелген 35 команда қатысты.

Бұдан бөлек өткен жылы «AMANAT» партиясының жастар қанаты балалар мен жасөспірімдер шахмат қозғалысын дамытуға бағытталған алғашқы республикалық «AMANAT CUP» шахмат турнирін ұйымдастырды. Турнирге 8-35 жас аралығындағы 210-нан астам шахматшы қатысты.

«Еліміздің негізгі символдарының бірі – Бәйтеректің маңына шақырып, сол жерде ашық аспан астында ұйымдастырылды. Өте қызықты, тартысты өтті. Нәтижесінде жастардың шахматқа деген қызығушылығын аңғардық. Іс-шараға Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева, Дәрмен Сәдуақасов сынды гроссмейстерлер қатысты», - «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» Жастар қанатының жетекшісі Нұржан Жетпісбаев.

Былтыр елімізде болған тарихи оқиға – жалпыұлттық референдум шеңберінде де «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері үгіт-насихат жұмысына белсене атсалысты.

Сонымен қатар жастар кезектен тыс президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау науқанына белсенді қатысты. Халықтық коалицияға кірген 7500-ден астам жас 3 миллионнан астам үгіт-насихат материалын таратты. Сондай-ақ республикалық желілік кесте шеңберінде онлайн және офлайн іс-шаралар ұйымдастырылды.

2022 жылдың шілде айында партияның Жастар қанатының VI Съезі өтті, онда ребрендинг және ұйымдардың атауын өзгерту мәселесі қаралды. Барлық өңірден 350-ден астам делегат қатысып, 4 күн ішінде оқудан өтті. Съезд барысында жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданды, Орталық Кеңестің құрамына және жастар ұйымының атауына өзгерістер енгізілді.

Сонымен қатар, былтыр 193 жоғары оқу орнының студенттік үйлері мен 178 колледж жатақханасының жаңа оқу жылына дайындығына тексеру жүргізілді. Мониторинг шеңберінде жатақханада орын бөлу кезінде заңсыз фактілер бойынша студенттерден ақпарат жинау бойынша жедел желі іске қосылды. Сенім телефоны бойынша бүгінгі күні 100-ден астам өтініш, шағым келіп түсті. Өңірлік филиал өкілдері өтінімдерді қарап, оқу орнының басшылығына ұсыныс хаттар жолдады.

Қыркүйек айының басында Қостанай облысындағы Әулиекөл ауданында алапат өрт болып, аймақта жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды.

Бүкіл ел бойынша 1300-ден астам еріктілер Қостанай облысына көмек көрсету үшін жұмыс істеді. Еріктілердің күш-жігері 1200 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинауға және жеткізуге бағытталды.

Сонымен қатар, еріктілер Екібастұз облысындағы төтенше жағдай кезінде көмек көрсетті.

«Біз бірден Екібастұзға көмекке шығып кеттік. Тұрғындарға жылытқыштар таратып, азаматтармен кездесіп, халықтың қиын жағдайға тап болғанын өз көзімізбен көрдік. Әрине ол жерде халық болып бәріміз көмектесуге тырыстық. Көптеген азаматтар қаражатының бір бөлігін беріп, көмек қолын созды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген сөз бар. Меніңше, осындай апаттарда қазақстандықтар, әсіресе рухы, ниеті, мақсаты бір азаматтар біріге білсек, мұндай қиындықтардан жеңіл өтетін боламыз», -  дейді Нұржан Жетпісбаев.

Сондай-ақ, «Жастар Рухы» Жастар қанаты Astana Hub Халықаралық IT-стартаптар технопаркімен бірлесіп ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Оның аясында бағдарламалау мектептері мен жас IT-мамандарды қолдау мақсатында Қазақстанда «TechOrda» бағдарламасы іске қосылып, 600 000 теңгеден 3000 ваучер бөлінді.

Ал Республика күні аясында «Менің елім – менің туым» акциясы өтті. Тұрғындардың терезелеріне Қазақстан бойынша 5 мыңнан астам ту ілінді. 2 айға жуық уақытқа созылған челленджді қоғам қайраткерлері, өнер және мәдениет саласының өкілдері, танымал спортшылар мен блогерлер қолдады. Патриоттық акция республика бойынша 3 миллионнан астам адамды қамтыды. Айта кетерлігі, бүгінде қазақстандықтардың мұндай әрекеті жазаға тартылмайды.

Бұлардан бөлек, республиканың 20 өңірін қамтитын жастар арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында «AMANAT CUP» шағын футболдан жастар турнирі ұйымдастырылды. Жарысқа 1500-ден астам жұмысшы жастардан тұратын 195 команда қатысты. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жалпы 2022 жылы іске асырылған жоспарлардың тізімінде «Qaisar» әскери-патриоттық жобасы, «Өрлеу» жастар жобасы және «ТазаLike» экологиялық жобасы бар. «Qaisar» жобасы 2 000 жастың басын қосып, республикалық әскери-патриоттық ойын өткізілді. Сонымен қатар, жастарға арналған «Сарбаз болғым келеді» диалог алаңдары ұйымдастырылды.

«Елімізде алғаш рет «Qaisar» ойындарын өткіздік. Былтыр 2 000-нан аса жас қатысып, арасынан кіл мықтыны анықтаған болатын. Осындай форматтағы жарыстарды биыл да жалғастыруды көздеп отырмыз. «Сарбаз болғым келеді» акциясы биыл жаңа форматта өтетін болады. Бұл акция нақты жерлерде ай сайын өткізеледі. Жалпы Отанды қорғау деген кең ұғым. Сондықтан да бұл жерде төтенше жағдайда адамдардың өмірін арашалап қалу мәселесі көзделеді, сондай-ақ жедел жәрдемнің де қызметін Отанды қорғаумен теңестіруге болады. Пандемия кезінде оны бәрі көрді», - дейді Нұржан Жетпісбаев.

Биыл «Жастар рухы» жастар қанаты «Домбыра күні» ұлттық мерекесіне орай 2500-ден астам жас домбырашының қатысуымен «Dombyra Party» республикалық акциясын өткізіді. Шара «Алтын домбыра» мектебінің 200 оқушысының қатысуымен Бәйтерек монументінде өтті.

Ал «ЖАСТАРҒА ЖҰМЫС» жобасы – «AMANAT» партиясы мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жастарды жұмыспен қамту бойынша бірлескен ортақ іс-қимыл кешені. Іс-шараларды жүзеге асыру 2022 жылдың қазан айынан 2023 жылдың желтоқсан айына дейін жоспарланған. Оның аясында 100 мың жас жұмыспен қамтылуы тиіс.

«Бұл жоба аясында жастарды әсіресе тау-кен өндірісі бағытында және ірі Ұлттық компанияларда тағылымдама ұйымдастыру арқылы жұмысқа орналастыру көзделіп отыр. Нақты тетіктеріне келер болсақ, партиямыздың инфрақұрылым бөлігі бастауыш партия ұйымдары арқылы жергілікті жерлерде таныс-тамыры жоқ азаматтарды іріктеп таңдау арқылы соларды жұмыспен қамту көзделген. Кей зауыттарда, инфрақұрылымдық салада жұмыс күшінің жетіспеушілігі сезіледі. Сондықтан да осы бағытқа басым көңіл беріліп отыр. Мұндай мәселелер еліміздің оңтүстігінде, яғни халық көп шоғырланған жерлерде көздеседі», - деді «Жастар Рухы» Жастар қанатының жетекшісі Нұржан Жетпісбаев.

Жобаның негізгі мақсаты оқу орындарының түлектерін қоса алғанда, жастардың кәсіптік, еңбек және кәсіпкерлік әлеуетін іске асыру үшін жағдайлар жасау.

Бірлескен іс-қимыл жоспарының іс-шаралары оқу орындарының түлектері мен жұмыспен қамтылмаған жастарды жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған және алты негізгі бағыт бойынша топтастырылған:

  1. Жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкелері
  2. Жастарды тау-кен өндіру саласының кәсіпорындарына жұмысқа орналастыру
  3. Кәсіби және сұранысқа ие дағдыларды дамыту
  4. ҚР ЦДИАӨМ-мен бірлесіп, цифрлық сауаттылық деңгейін арттыру
  5. Жастарды кәсіпкерлікке жаппай тарту
  6. «Жастарға кеңес» түрлі бағыттар бойынша консультациялық іс-шараларды жүзеге асыру және жастарға арналған қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру.

«Жуырда іске қосылатын жастардың бизнесі үшін 2,5 пайызбен берілетін кредит жұмыссыздықты азайтуға ықпал ететін болады. Бұл жобаның субсидиясы қай өңірде жұмыс күші тапшы, сол жаққа көбірек берілетін болады. Бұл кредитті өз бизнес жоспарын қорғау арқылы кез келген адам ала алады, бірақ оның басты шарты кәсіпкер жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтуы тиіс. Өтініштерді қабылдау ақпан айынан бастау алуы керек», - деді Нұржан Жетпісбаев.

Айжан Жанатқызы