Екі факті бойынша да сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды
Ақтөбе облысында екі ауыл тұрғынынан киік мүйіздері тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
24 қаңтарда Ырғыз аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне Ақши ауылының тұрғындары киік мүйіздерін заңсыз сақтайтыны туралы ақпарат келіп түсті. Осы ақпаратты тексеру кезінде 46 жастағы жергілікті тұрғынның тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізілді.
Тінту барысында полицейлер сарай ішінен төрт киік мүйізін, ет пен екі киіктің басын, сондай-ақ балта, ас үй пышағын тауып, заттай айғақ ретінде тәркіледі. Сол күні тінту жүргізу кезінде Ақши ауылының 62 жастағы тұрғынының үйінің ауласынан алты киік мүйізі табылып, заттай айғақ ретінде тәркіленді.
Екі факті бойынша да ҚР ҚК-нің 339-бабы 1-1-бабы (Киікті заңсыз қолға түсіру, жою, сол сияқты заңсыз қолға түсірілген киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.