Өткен жылы қалада полиция қызметкерлеріне қызметтік міндеттерін орындау кезінде күш көрсетудің 21 дерегі тіркелген
Алматыда полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған 12 адам сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы қалалық ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының мәліметінше, өткен жылы қалада полиция қызметкерлеріне қызметтік міндеттерін орындау кезінде күш көрсетудің 21 дерегі тіркелген. Аталған эпизодтар бойынша ҚР ҚК-нің 380-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді.
"12 дерек бойынша сот үкімі шығып, кінәлілер ҚР заңнамасына сәйкес лайықты жазасын алды. Ағымдағы жылдың қаңтар айында департаменттің тергеу бөлімі 3 қылмыстық істі тіркеп, күдіктілер қамауға алынды.
Билік өкілдеріне күш қолданудың әрбір дерегі ерекше бақылауда. Сонымен қатар, билік өкіліне қарсы, қорқыту немесе күш қолдану – қылмыстық жазаланатын әрекеттер болып саналатынын және үш жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын еске сала кетейік", – деді Алматы қаласы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Ерік Жұмабай.