«Алтын Орда» базарының бұрынғы басшылығына халықаралық іздеу жарияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар алақтық бойынша қылмыс істеді деген күдікке ілінді

© Sputnik

Алматы облысы Қарасай ауданының криминалдық полиция бөлімі «Алтын орда» базарының бұрынғы басшылығына халықаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Данияр Әбдіғапаровқа - 1982 жылы туған, Жұмадин Патовқа - 1982 жылы туған, Қанат Жақаевқа - 1984 жылы туған, сонымен қатар 1986 жылы туған Айдос Нұрқалиевқа Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 190-бабы бойынша халықаралық іздеу жарияланды», - делінген хабарламада.

Аталған тұлғалар ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыс жасады деген күдікке ілінді.

Қазіргі уақытта жоғарыда аталған тұлғаларды ұстап, Қарасай ауданының уақытша ұстау изоляторына орналастыру бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

«Істің мән-жайы кейінірек хабарланады», - делінген хабарламада.

Бұған дейін Алматы облысы бойынша монополияға қарсы департаменті «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғап, материалдар Алматы облысының Қарасай мамандандырылған ауданаралық сотына қарауға жіберілген болатын.