Өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр
Павлодарда көлікжайда тұрған екі көлік жанып кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 қаңтар күні сағат 03:47-де «101» пультіне Достоевский көшесі, 24 мекенжайы бойынша өрт шыққаны туралы хабар түскен.
«Жеке үйдің аумағында шатырдың ағаш құралымдары, жеке тұрған көлікжай, шеберхана жанды. Өрт сөндірушілер жеткенге дейін көлікжайдың ішінде екі көлік – 2021 жылы шығарылған «Hyundai Palisade» маркалы және 2015 жылғы «Соболь» ГАЗелі жанып кетті», – дейді департаментте.
Өрттің жалпы ауданы 80 шаршы метр ауданды құрады. Өрт сағат 04:42-де оқшауланды, сағат 06:05-те толығымен жойылды.
Оқиға орнына Павлодар облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен жеті техника, 33 қызметкер және «102», «103» қызметтері жұмылдырылды.