Қаржы пирамидаларын жарнамалаған жұлдыздар жауапқа тартылады – Бас прокуратура

Автор: Azattyq Rýhy

Бас прокуратура алаяқтарға сенбеуге шақырады

Фотоколлаж

ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі еліміздегі күмәнді қаржы ұйымдарына байланысты арыздар түсіп жатқанын хабарлады.

«Қазіргі таңда құқық қорғау органдарына «Гарант 24 Ломбард», «ESTATE Ломбард» ЖШС-не және «Нурали Капитал», «Выгодный займ» микрокредиттік ұйымдарының иелері азаматтардың жылжымалы және жылжымайтын мүліктерін, ақшалай қаражатын заңсыз иемденіп алу әрекеттеріне қатысты арыздар түсіп жатыр. Аталған ұйымдармен 42 мың келісімшартқа отырған 6 мыңнан аса азамат жүгінген. Полиция органдары олардың өтініштері негізінде 22 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Бір ломбард менеджері мен 12 филиал директоры жауапкершілікке тартылуда», - делінген хабарламада.

Алаяқтар мақсатына жету үшін түрлі жарнамаларды белсенді қолданған.

«Тергеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін процессуалдық прокурорлар бекітілген. Алаяқтардың мақсатына жету үшін түрлі жарнамаларды белсенді қолданғаны, олардың ішінде шоу-бизнес жұлдыздары мен танымал блогерлерді пайдаланғаны анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жарнама жасауды жүзеге асырған және таратқан тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылып, олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады», - дейді Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Бас прокуратура азаматтарға кіріс көзі дәлелденбеген қомақты қаражатқа қол жеткізу туралы уәде ететін күмәнді ұйымдарға ақшасын сеніп тапсырмауға шақырады.