Алматы облысында ұзақ уақыт мал ұрлап келген қылмыстық топ ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Барымташылар малды сойып сатып, ақшасын өзара бөліскен

Барымташылар негізінен жылқы мен сиыр ұрлаумен айналысқан. Олардың барлығы 37 бас жылқыны айдап әкеткені анықталып отыр, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сәкенов.

Қылмыстық топ 11 адамнан тұрған. Олар негізінен Еңбекшіқазақ, Кеген және Ұйғыр аудандарында барымтамен айналысқан. Ұрлаған малды дереу сойып, етін сатып пайда тапқан. Полицейлер күдіктілерді Алматы қаласында жалдамалы пәтерде жасырынып жатқан жерінен ұстапты. Барлығының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Ұсталғандардың жетеуі топтың негізгі мүшелері, яғни ұрлау, ұрланған малды тасымалдаумен айналысқан. Ал, қалған төртеуі – малды сатып алушылар. Барлығы бір қылмыстық топтың мүшелері, жымысқы әрекеттерін іске асыру кезінде Алматы қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде тұрған. Дегенмен, ол да кәсіби із кесушілерден жасырынуға мүмкіндік бермеді. Ұсталғандарға 8 дерек бойынша айып тағылды. Тексеру барысында тәртіп сақшылары барымташылар алған малдың бір бөлігін тірідей тауып, заңды иелеріне қайтарды», - деді Дәурен Сәкенов.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы