«Мен әкемді 4 жыл іздедім»: Астанада жоғалған ер адам табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Астана полицейлері патрульдеу кезінде жоғалған адамды тапты

Патрульдік полиция полкінің полицейлері Талғат Намазбаев пен Әбілқайыр Мырзатаев патрульдеу кезінде Құтпанов көшесіндегі үйдің кіреберісінің жанынан бір ер адамды байқайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлері тоқтап, оны тексеру үшін қасына жақындаған. Ер адамның өзімен бірге құжаттары болмаған. Кейін ол Сарыарқа ауданы Полиция басқармасына жеткізіледі.

Оның айтуынша, 4 жыл Ақмола облысында тұрып, жұмыс істеген және осы уақыт ішінде туыстарымен байланысын үзген.

Тексеру кезінде 48 жастағы ер адамның Ақсу қаласында тұратын 29 жастағы ұлы бар екені анықталды. Полицейлер оған бейне қоңырау арқылы хабарласып, баласы әкесін бірден таныған.

Ұлы мен әкесінің бірнеше жылдан кейін сөйлескен әсерлі сәті бейнеге түсіп қалған. Сол күні ұлы келіп әкесін алып кетті.