Жамбыл облысында автокөлік жолдарынан 326 адам құтқарылды

Автор: Әсел Оршыбекова

Жолда қалып қойғандардың барлығы жақын маңдағы елді мекендерге жеткізілді

3 қаңтар күні сағат 10:15-тен 4 қаңтар таңғы 5:00-ге дейін Жуалы, Сарысу және Қордай аудандарының өрт сөндіруші-құтқарушылары қар құрсауынан 326 адамды құтқарды, оның ішінде 72-сі балалар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Құтқару жұмыстары республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың 3 учаскесінде жүргізілді, жолда қалып қалғандардың барлығы жақын маңдағы елді мекендерге жеткізілді.

«Құтқарылғандардың ешқайсысы медициналық көмекті қажет етпеді. Біз өз тарапымыздан азаматтарға үйден шығарда келіп түскен хабарламаларға жіті назар аударып, өздерімен бірге әрдайым жылы заттарды бірге алып жүруге шақырамыз. ТЖ немесе көмек көрсету қажет болған жағдайда шұғыл түрде "112" нөміріне қоңырау шалу қажеттігін еске саламыз», - делінген облыстық ТЖД баспасөз хабарламасында.