«Қазселқорғау» басшысының ұсталғанын Антикор растады
Жамбыл облысының бұрынғы әкімі және ҚР ТЖМ «Қазселқорғау» мемлекеттік мекемесінің басшысы Кәрім Көкірекбаев ірі көлемде пара алды деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ақпаратты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі растады. Істің мән-жайы әзірге белгісіз.
Қазақстандық БАҚ беттерінде тараған мәліметке сүйенсек, Кәрім Көкірекбаев "BAZIS CONSTRUCTION" – "INFR" ЖШС филиалының директоры Андрей Поплавскийден 800 мың долларға жуық пара алу кезінде ұсталған.
Айта кетсек, 1957 жылы Шу қаласында дүниеге келген Кәрім Көкірекбаев 2019 жылдың тамыз айында «Қазселқорғау» төрағасы болып тағайындалғанға дейін Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі қызметін атқарды. 2013-2018 жылдары Жамбыл облысының әкімі болды.
«Қазселқорғау» селдердің, қар көшкіндерінің, көшкіндердің алдын алу және олардың салдарын жою, тиісті бақылау және хабарлау қызметтерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырумен және өткізумен айналысады.