Ақтөбе облысында алтын өндіретін шахтада жұмысшы қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері өңірдегі өндіріс орындарында 13 жұмысшы мерт болған

Ақтөбе облысындағы алтын өндіретін шахтада жұмысшы қаза тапты. 48 жастағы азаматты жүк таситын техника басып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға болған шахта АltynEx Company кәсіпорнына қарайды. Қазір Мұғалжар ауданындағы кен орнында тексеру жүріп жатыр. Еңбек инспекторларының сөзінше, электр маманы шахтадағы желдеткіш жанында кабель жөндеп жатқан. Жүк көлігінің келіп қалғанын аңғармаса керек. Ал ауыр техника тізгініндегі жүргізуші жолындағы адамды байқамадым деп отыр. Осы оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылды.

Жыл басынан бері Ақтөбе облысындағы өндіріс орындарында 68 оқыс оқиға болып, 13 жұмысшы қаза тапқан.

«48 жастағы инженер болып істейді екен, электрик.  Жөндеу жүргізіп жатқанда осындай жағдай болып отыр. Жүк көлігі басып кеткен. Тергеп-тексеру жан-жақты жүріп жатыр», - деді Ақтөбе облысы еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Талғат Есқарин.