«Өзімізді өртеуден басқа амал қалмады»: Ақтау сотынан әділдік іздегендер Жоғарғы соттың алдына келді

Автор: Аягөз Құрмаш

Азаматшалардың қолында бензин болды

Фото: Azattyq Ruhy

Ақтау қаласынан келген екі әйел соттың әділдігін сұрап, Жоғарғы сотқа жүгінді. Оқиға орнына барған Azattyq Ruhy тілшісі олардан мән-жайды сұрап білді.

Ақтаулық Құндыз Серікова мен Айжан Сәндібаеваның айтуынша, 2021 жылдың қарашасында екі отбасы 8 жылдықтарын мейрамханада тойламақ болады. Олардың сөзінше, кеште ішімдік ішкен жеңіл жүрісті қызбен кикілжің туындап, шаш жұлысу болған. Көші-қон полициясында 12 жылдан астам жұмыс істеп жүрген жолдастары оларды ажыратпақ болған.

«Осы оқиғадан кейін екі отбасы мүшелеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы «тәртіпсіздік» бойынша сотқа дейінгі іс басталған. Жолдастарымызды жұмыстан қызметтік тергеу актісінсіз босатып жіберіп, қолымызға айыптау актісін бермей сотқа жібереді. Сотта да әділдік болмады. Менде судья тарапынан болған қысымдар, хабарламалар жазылған. Ақтау қаласының сот төрағасы Шайдулин біздің берген «отводымызды» да қарамайды. «Кінәларыңды мойындаңдар, басқа іспен қараласыңдар, жауып тастаймын» дейді. Тегін адвокаттары да ақша алып, бізді алдап кетті», - деді Айжан Сәндібаева.

Айжан Сәндібаева әлі күнге дейін ешнәрсе өзгермегенін айтып қынжылды.

«Астанаға ұшып келіп, өзімізді өртеуден басқа амал қалған жоқ. Себебі екі отбасы бір жылдан бері ақшасыз отыр. Осы іске байланысты жұмыссыз отырмыз. Балалардың жәрдемақысына күн көріп отырмыз. Істі қарап жатқан судья Байтұрова үнемі қысым көрсетеді. Мен жүкті болғандықтан, психологиялық зорлық-зомбылыққа душар болып жатырмын. Қолымызға судьяның қара мантиясына атын жазып келдік. Басқа амалымыз қалмады. Біз өзімізді ақтауды сұрап отырған жоқпыз. Тек судьяның істі әділ, дұрыс қарауын сұраймыз. Сот істі қарап жатқанына 5 айдан асты. Бұл 2021 жылдың қарашасында болған оқиға ғой», - дейді Айжан Сәндібаева.

Айжан Сәндібаеваның 4 баласы бар, көпбалалы ана. Бесіншісіне жүкті екенін айтты. Ал Құндыз Серікованың бір баласы туғанынан дертке шалдыққан. Ол жарты жыл сайын емделуі керек.

Құндыздың айтуынша, сот күніне 8 сағаттан процестік іс қояды.

«Алдындағы процесте айтқан едік. Жүкті әйелге жедел жәрдем келгеннің өзінде ішке кіргізбеді. Менде барлық дәлелдер бар. Жазылған аудио, видеоматериалдар бар. Әділетті қарасын дейміз. Бізге басқа ешнәрсе керек емес. Ақтаудың соты біздің істі әділетсіз қарап жатыр. Аяғы ауыр келіншек екеуміз келіп тұрмыз. Өзімізді өртемесек, амалымыз жоқ. Бармаған жеріміз қалмады. Ақтаудың облыстық прокуратурасына да бардық. Облыстық сотқа да бардық. Ешкім бізді қолдап, тыңдап жатқан жоқ. Қазір де процесс қойып отыр. Мен баламмен ешқайда шыға алмай отырмын. Балам оңалтудан өтуі керек. Сот басталмай тұрып, бір баламды шетінетіп ала жаздадым. Біздің соңғы үмітіміз осы – Жоғарғы сот», - деді Құндыз Серікова.

Айжан Сәндібаева мен Құндыз Серікова жанармай алып келген. Алайда оны Жоғарғы соттың күзеті тартып алды. Жоғарғы соттан әділдік іздеген екеуі құжаттарын да ала келген. Кейін оларды судьяның қабылдауына шақырды. Оқиға орнына жедел жәрдем мен өрт сөндірушілер де келді.