Жол апатынан зардап шеккен жаттықтырушы әлі есін жимастан ауыр халде жатыр
Ақтөбеде оқушылар мінген көліктің аударылып қалуына жүргізушінің кінәсі бар. Ол рөлде қалғып кеткен. Қазіргі кезде спорт мектебінің басшыларына қатысты да қылмыстық іс қозғалып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық тасжолында болған оқиғаны Алға аудандық полиция бөлімі тергеп жатыр. Қазіргі кезде жүргізуші қамауға алынған.
Бірнеше сараптама тағайындалды. Алдын-ала белгілі болғаны, жүргізуші ішімдік ішпеген.
«Жол-көлік оқиғасына қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалды. Жүргізуші жол ережесін сақтамаған. Бірден қамауға алынды. Ол қалғып кеткен, көлік ішіне шамадан тыс көп бала отырғызған», - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Ғалым Байжанов.
Сонымен бірге аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің басшылары да осы іске жауапты.
Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің «Салғырттық», «Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» баптары бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Облыстық ПД бастығының орынбасары Ғалым Байжановтың айтуынша, жол апатын видеоға түсіріп, балалардың жерде жатқанын көрсеткен адам әлі табылмаған.
Тергеу жұмыстары кезінде анықтап, қылмыстық жауапқа тартылмақ. Еске салсақ, бұған дейін жас спортшылардың ата-аналарды дәл сол адамды тауып, жазалауды сұраған еді.
Айта кетейік Ақтөбе облысы бойынша 38 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар.
Онда тек 9 автобус қарастырылған. Оның төртеуі қалада, өзгесі аудандарда. Оқиға болған Темір ауданындағы спорт мектебінде автобус жоқ.
«Облыстағы орта мектептерде барлығы 118 мектеп автобусы бар. Мектепке арналған автобус балаларды мектепке тасымалдайды. Сонымен бірге саяжаларда тұратын балаларды тасымалдауға арналған. Бұл жағдайда аудандық білім бөліміне сабақтан босату туралы ұсыныс түскен. Алайда тасымалдау туралы ұсыныс ештеңе айталмаған», - деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
Ал облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров бұған дейін мұндай жағдай тіркелмегенін, облыс кубогі жыл сайын ұйымдастырылатынын айтты.
Әрі аудандық спорт мектептеріне қаржы бөлінеді. Ал оны тиімді жұмсау, жарыстарға қатысу кестесін белгілеу директор мен жаттықтырушылардың еншісінде.
«Мен өзімді жауапты сезінемін. Алайда жұмыстан шығамын ба немесе орнымда қаламын ба, оны өзім шешпеймін», - деді Евгений Гончаров.
Аталған жайтқа қатысты облыстық денсаулық басқармасының өкіледрі де пікір білдірген еді.
«Үш бала есін біледі. Оларға травматология, хирургиялық ота жасалды. Екі бала басынан жараланған соң ұйықтатып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосып қойдық. Үш-төрт күн осы қалыпта болып, кейін оятамыз. Бізге Астанадан мамандар келді. Денсаулық сақтау вице-министрі жанына үш дәрігерді ертіп әкелді. Олар: травматолог, нейрохирург, анестезиолог-реаниматолог. Таңға дейін балаларды бақылап, жасалған отаның сәтті шаққанын айтты. Балалардың жанына ата-аналары да кіріп шықты», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.
Оның айтуынша, жаттықтырушы әлі де есін жимады.
«Жігіттің жағдайы өте ауыр. 6-7 омыртқасы сынып, миы шайқалған. Бас терісі жарылған. Жағдайы өте ауыр. Дәрі-дәрмек жеткілікті», - деді Рүстем Исаев.
Еске салсақ, 17 желтоқсан күні Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық ауылында жол-көлік апаты болды. Балалар түрлі жарақат алып, оларға шұғыл ота жасалды.