Жамбыл облысында бір отбасының үш адамы өлі табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Өткен демалыс күндері республикада 14 адам улы газдан уланған

Фото: ашық дереккөзден

Екі күн ішінде республика бойынша 14 адам улы газдан улану салдарынан ауруханаға жатқызылып, 3 адам қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, жылыту пешін орнату және пайдалану ережелерін бұзу халық арасында улы газдан уланудың кең таралған себебі болып отыр.

«Өткен тәулікте республика бойынша 14 адам ауырлығы әртүрлі дәрежедегі улы газдан улану себебінен ауруханаға жатқызылып, 3 адам қайтыс болды. Мәселен, 2022 жылғы 19 желтоқсанда Абай облысындағы Семей қаласында пешпен жылытылатын 2 қабатты тұрғын үйдің 2-қабатында қатты отынмен жылытылатын пешті пайдалану ережелерін бұзғандықтан, түтін мұржасы дұрыс тартпауы салдарынан уланған 1994, 1971 және 1997 жылғы 3 адам ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ 19 желтоқсанда Астана қаласында пешпен жылытудың ақаулығына байланысты 2 қабатты жеке тұрғын үйде орташа ауырлықтағы улы газдан уланып, 1970, 1990, 1994, 2012, 2015, 2018 жылдары туған азаматтар ауруханаға жеткізілді», - делінген ТЖМ хабарламасында.

Ал 2022 жылғы 18 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының Малеевск кентіндегі орталық ауруханасына улы газдан улану белгілері бар 15 жастағы жасөспірім ауруханаға жатқызылды. Белгілі болғандай, апат жігіт ваннада болған кезде тазаланбаған мұржаның салдарынан болған. Алтай ауданы ТЖБ қызметкерлерінің тексеруі нәтижелері бойынша улы газ пеш қабырғасындағы жарықтар арқылы монша үй-жайына түскені анықталды. Үй иесіне қатысты пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 1983 жылы туған үй иесіне қатысты ӘҚБтК 410-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Айта кету керек, бұған дейін ТЖ қызметінің мамандары осы үйге барып, барлық ұсыныстар көрсетілген түбіртек–ұсынысты тапсыра отырып, қауіпсіздікке нұсқау берген болатын.

Тағы бір жайт, Жамбыл облысы Бурыл ауылындағы жеке тұрғын үйде 18 желтоқсанда газ колонкасын пайдалану ережелерін бұзғандықтан улы газдан уланып, ауыр жағдайда 1959 жылы туған үй иесі және 1990 жылы туған азамат, сондай-ақ 11 және 7 жастағы балалар ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнына ТЖД-ның 1 қызметкері және «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның 3 қызметкері барды.

«Сондай-ақ Жамбыл облысында 19 желтоқсанда адамдардың өліміне әкеп соққан улы газдан улану оқиғасы орын алды. Қонаев ауылынан 40 км қашықтықта «Шәріпхан» шаруа қожалығында жеке тұрғын үйде, бұрын қатты отынмен жылыту пешін пайдалану ережелерін бұзғандықтан, улы газдан уланып, отбасының 1965, 1969 және 2008 жылдары туған 3 адамы қайтыс болды. Оқиға орнына ТЖД жеке құрамның 2 адамы мен 1 бірлік техникасы шықты», - делінген хабарламада.

ҚР ТЖМ халыққа жазатайым оқиғаларға әкелуі мүмкін заңбұзушылықтарды уақтылы жоюды ұсынады. Пештердегі жарықтарды жою, мұржаларды 3 айда кемінде 1 рет тазалау, аязда пештерді қатты қыздырмау, от жағу үшін ұзындығы от жағу өлшемінен аспайтын отынды пайдалану қажет.

«Ықтимал қайғылы салдардың алдын алу үшін үнемі абай болыңыз және қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз», - деп ескертеді мамандар.