Қытайда коронавирустан көз жұмған адамдар саны 2345-ке жетті

Автор: Azattyq Rýhy

Соңғы тәулікте Қытай аумағында 109 адам аурудан қайтыс болған

© REUTERS / Kham

Қытайда коронавирус жұқтырған адамдардың жалпы саны 76 мыңнан асты, олардың 2345-і қайтыс болды. Қытай мемлекеттік денсаулық сақтау комитетінің мәліметінше, ауру жұқтырған 20 мың 659 адам емделіп, ауруханадан шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасай отырып.   

«Денсаулық сақтау комитетіне 31 провинциядан 76 мың 288 адамның коронавирустың жаңа түрін жұқтырғаны туралы ақпарат келіп түсті. Қазіргі уақытта 53 мың 284 адам ауырып жатыр, оның ішінде, 11 мың 477 адам ауыр халде жатыр. 20 мың 659 адам ауруханадан шығарылды және 2345 адам көз жұмды», – делінген мемкомитет хабарламасында

Соңғы тәулікте Қытай аумағы бойынша 397 адамның ауру жұқтырғаны белгілі болды, 2393 адам ауруханадан шығарылған, 109 адам қайтыс болған (олардың 106-сы Хубэй провинциясынан).

Айта кетсек, Қытай билігі елдің орталық бөлігінде орналасқан Хубэй провинциясына қарасты Ухан қаласында белгісіз пневмонияның тарап жатқаны туралы 2019 жылдың 31 желтоқсанында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын ескерткен. Мамандар ауру қоздырғышының жаңа коронавирус екенін анықтады. ДДСҰ аталмыш індетті халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп танып, ауруға ресми түрде COVID-2019 атау берген болатын.