Қызылорда тұрғындарын 10 млн теңгеге алдап кеткен алаяқ ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

37 жастағы күдікті әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото: ашық дереккөзден

Қызылорда тұрғындарын 10 млн теңгеге алдаған әккі алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алаяқтық әрекеттердің біразы мемлекеттік бағдарламамен бой көтерген жылжымайтын мүлікті кезексіз алып беремін, жұмысқа тұрғызамын, кезектен тыс жер, қайтарымсыз несие алып беремін деген желеумен жасалған іс-әрекеттер тұрғындарды сан соқтыруда. Сондықтан сала мамандары тұрғындарды айлакердің арбауына түспеуге шақырады.

«Мәселен, желтоқсан айының 9-10 күндері аралығында 8 қала тұрғыны басқарманың кезекші бөліміне алаяқтың әрекетінің құрбаны болғандығы жөнінде арызданған болатын. Жәбірленушілерден 2021 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламамен пәтер, қайтарымсыз несие, грант алып беремін деп алдап арбау жолымен 10 миллион теңгеге жуық ақшаларын жымқырып, көзден таса болған», - дейді полиция өкілдері.

Мәні жағынан бір-біріне ұқсас деректер бойынша басқарма қызметкерлері жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде қала тұрғындарын сан соқтырған, бұрын сотты болған 37 жастағы күдікті әйел ұсталып, басқарманың уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр.