Мобилизациядан қашқан: Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен ресейлік азамат сотталды
Сот оны 5 жыл мерзімге Қазақстаннан шығару туралы шешім шығарды

Мобилизациядан қашып, еліміз шекарасын заңсыз кесіп өткен ресейлік тұрғын шартты түрде бас бостандығынан айырылып, Қазақстанға кіруге 5 жылға тыйым салынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Татарстандағы ауылдардың бірінен қашып келген 33 жастағы тұрғын Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтті деген айыппен сот алдында жауап берді.
«Айыпталушының Қазақстан-Ресей шекарасындағы қоршауды кесіп өтіп, еліміздің аумағына заңсыз кіргені белгілі болды. Оның ізін «Жайсаң» шекара қызметінің қызметкері тауып, басшылықты хабардар еткен. Осылайша, шекарадан заңсыз келген азамат тез арада ұсталды. Сотталушының өзі 21 қыркүйекте Ресейде жарияланған ішінара жұмылдыру уақыты біткенше Қазақстанда жүре тұрғысы келгенін мойындады. Алайда шығуға тыйым салынғандықтан, шекарадан ресми түрде өте алмаған», - делінген хабарламада.
Мәртөк ауданының соты Ресей Федерациясының азаматын шартты түрде, пробациялық бақылаусыз 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ сот оны 5 жыл мерзімге Қазақстаннан шығару туралы шешім шығарды.