Жол жиегінде жатқан қарияны ауруханаға ресейлік нөмірлі көлікпен бір адам жеткізген
Ақтөбеде емханаға бара жатқан зейнеткерді көлік қағып, жүргізуші қашып кеткен. Зардап шегуші төрт сағаттан соң ауруханада көз жұмды. Марқұмның жақындары оқиға куәгерлерін іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға 14 қарашада таңғы сағат 7:38 шамасында Батыс-2 ауданында болған. Зейнеткер жүргіншілер жолағымен көшенің арғы бетіне өтіп бара жатқанда көлік қағып кеткен. Ал оны ауруханаға ресейлік нөмірі бар жол талғамайтын көлікпен бір адам жеткізген. Ол қарияны жол жиегінен тапқанын айтыпты.
«Мен нақты айта аламын сол күні менің анам емханаға бара жатты. Оның қолында қан тапсыратын қағаздары болды. Ол аркадан шығып, жүргінші жолына түскен. Сол жерде оны көлік қағып кеткен. Үйден әрі қарай басқа жолмен жүруі еш мүмкін емес», - дейді Марқұмның қызы Әсел Айжарықова.
Марқұмның туыстары оқиға куәгерлері болса, хабарласуды өтініп сұрайды. Полицейлер бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғаған. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Бірнеше сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасын жасаған адамды жүргізушіні іздеуде», - деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.