Түркістан облысында «жеңгетайлыққа» қатысы бар әйелдер ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар жезөкшелікпен айналысатын қыздар іздеп, оларды клиенттерге сатып отырған

Түркістан облысының полицейлері «жеңгетайлыққа» қатысы бар әйелдерді ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Сайрам ауданының тұрғындарының бірі «жеңгетайлықпен» айналысатыны туралы шұғыл ақпарат келіп түсті. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер екі әйелді ұстады. Олардың екеуі де Сайрам ауданының тұрғындары болып шықты, біреуі профилактикалық есепте тұрады. 

«Аталған сезікті әйелдер жезөкшелікпен айналысу үшін қыздарды жалдаумен айналысқан. Содан жеңіл жүрісті қыздарды баспана, тамақпен қамтамасыз етіп, оларға клиенттер іздеген. Тексеру кезінде тәртіп сақшылары қонақүйлердің бірінде клиенттерге интимдік қызмет көрсету үшін жіберілген екі жеңіл жүрісті қызды анықтады», - делінген хабарламада.

Бұл жайт ҚР ҚК-нің 309-бабы (Жезөкшелікпен айналысу және жеңгетайлықпен айналысу үшін притондарды ұйымдастыру немесе ұстау) бойынша тіркелді. Заттай дәлелдемелер ретінде күдіктілерден ақшалай қаражат тәркіленді. 

Қазіргі уақытта жеңгетайлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.