Қайғылы оқиға 4 қарашада сағат 22.00 шамасында болған
Батыс Қазақстан облысында тасжолда әйел жеңіл көліктің дөңгелегінің астына түсіп мерт болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қайғылы оқиға 4 қарашада сағат 22.00 шамасында Брусиловский көшесінің бойында болған.
«Көше бойымен оңтүстік бағытта «Лада 212140» маркалы автокөлігін басқарып келе жатқан 1994 жылы туған жүргізуші, М. есімді азамат жол ережесін бұзып, жолдың оң жақ шетімен қатар бағытта келе жатқан 1978 жылғы Е. есімді әйелді қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші бас миының ашық жарақаты диагнозымен жансақтау бөліміне жеткізілді. Алайда ол алған жарақатынан есін жимай қайтыс болды», - делінген ПД хабарламасында.
Белгілі болғандай, 5 қарашада шыққан медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша жүргізуші алкогольді ішімдік ішпеген, сау болған.
Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен (Жол қозғалысы ережелерін бұзу) қылмыстық іс қозғалды.