Ақтауда ана мен бала көршісінің зиянкестерді улауынан кейін көз жұмды: сот шешімі қандай
Бір адамның салғырттығынан екінші адам әйелі мен қызынан айырылды

Маңғыстау облысының тұрғыны екі адамның өліміне әкеп соқтырған санитарлық ережелер мен гигиеналық нормаларды бұзғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, Ж. есімді азамат таныс әйелге жәндіктерден дезинсекция жасау қызметін ұсынып, оның пәтерін адам өміріне қауіптілігі бірінші санатты «Квикфос» уымен зарарсыздандырған. Аталған дәрі Қазақстанда пайдалануға тыйым салынған.
«Соның салдарынан ауаға алюминий фосфидінің түссіз улы газы тарап, соның салдарынан көрші пәтердің тұрғындары – жасөспірім қыз бен оның анасы уланып қайтыс болды. Осылайша, бір адамның салғырттығынан екінші адам әйелі мен қызынан айырылды», - делінген сот хабарламасында.
Сот үкімімен кінәлі азамат екі адамның өліміне әкеп соққан санитариялық қағидаларды, гигиеналық нормативтерді бұзғаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Құзырлы орган өкілдері тұрғын-үй жайларды жәндіктерден тазалау кезінде арнайы
мамандандырылған мекемелерге жүгінуді сұрайды. Сондай-ақ адам өліміне себепші болмау үшін алдымен көршілерді міндетті түрде ескертіп, содан кейін тазалау ісін қолға алу керек екенін ескертеді.