Петропавлда пәтерінде есірткі жасап сатқан нашақор ұсталды
Жыл басынан облыста есірткі өткізудің 63 фактісі тіркелді
Петропавлда пәтер жалдап, синтетикалық есірткі жасаумен айналысқан күдікті ұсталды. Баспананы тінту кезінде аса ірі көлемде психотроптық заттар тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
СҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 25 жастағы нашақорды ұстады. Жеке тінту кезінде қара изолентамен оралған, кристалл тәріздес зат салынған 15 орама алынды. Тағы 25 түйіншек тұрып жатқан екінші мекенжайынан анықталды. Күдікті екі мекенжайда, жалдамалы пәтерде және таныстарының үйінде тұрып келген. Сараптама алынған заттың α-PvP - «тұз» деп аталатын синтетикалық есірткі екендігін көрсетті. Жалпы салмағы 32,3 грамды құрады, бұл аса ірі көлемге жатады. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-б. бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жас жігіт бұған дейін де «есірткі жасыруды» ұйымдастыру жолымен есірткі таратты деген күдікке іліккен болатын. Алайда жауапкершіліктен сытылып кеткен.
«Өткен жылы бұл азамат синтетикалық есірткі өткізуде күдікті деп ұсталған болатын, алайда алынған заттың формуласы сол кезде «Есірткі құралдары, психотропты заттар мен прекурсорлар кестесіне» енгізілмеген еді. Бұрын бұл үлкен мәселе болатын, алайда 2021 жылдан аталған кестеге жаңа заттарды енгізу процедурасы барынша жеңілдетілді, осы жолы күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - деп хабарлайды СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Иван Терзиди.
Жыл басынан облыста есірткі өткізудің 63 фактісі тіркелді. Заңсыз айналымнан 414 келі есірткі заты алынды, оның 2 келі 200 граммы – синтетикалық есірткі.