Қостанайда баланы қағып өлтірген көлік жүргізушісі бостандықта жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Ол бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Фото: ашық дереккөзден

Қостанайда 71 жастағы көлік жүргізуші 5 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Зейнеткер қазір бостандықта жүр. Ол ешқайда кетпеу туралы қолхат жазған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

«Мерседес» көлігін тізгіндеген қария өткен аптада жаяу жүргіншілер жолағында екі адамды қағып кетті. Ауыр жарақаттан 9 жастағы қыз бала бүгін ауруханада қайтыс болды. Ал оның анасы хал үстінде жатыр. Екі күннің ішінде ана мен балаға екі жүзден астам тұрғын қан тапсырған. Полиция жол көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғады. Көлік жүргізушісі бес жылға сотталуы мүмкін. 

«Аталған Қылмыстық іс ҚР ҚК 345 бабының екінші тармағы бойынша қаралған. Яғни адам денсаулығына абайсызда ауыр жарақат салу. Енді кісі шығымына байланысты 9 жастағы қыздың қайтыс болуына байланысты бұл оқиға аталған баптың 3 тармағымен қаралатын болады. Яғни қылмысқа күдікті азамат 5 жылға бас бостандығынан айрылуы әбден мүмкін», - деді Қостанай облысы ПД баспасөз қызметінің бас маманы Кенже Қонысбай.

Облыстық аурухананың баспасөз қызметінің хабарлауынша, баланың анасы жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы ауыр.