Тағы екі адам ауруханада жатыр
Ақмола облысында жол апатынан үш адам қаза тауып, екі адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жол апаты 17 ақпан күні Зеренді ауданы Қызылтаң ауылының маңында Көкшетау – Омбы тас жолында болған.
«Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, «Mazda 626» көлігінің 20 жастағы жүргізуші Көкшетауға бара жатқан жолда қарсы бетке шығып кетіп, СҚО Ақжар ауданы Байтұс ауылының 1975 жылғы тұрғыны айдаған «Lada Largus» көлігімен соқтығысты», - деді полиция департаментінің өкілдері.
Жол апатынан екі жүргізуші мен «Lada Largus» көлігінде отырған 41 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі адам ауруханаға жатқызылды.
«Қазір қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-тармағы бойынша (Абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан, көлiк басқаратын адамдардың жол жүру немесе көлiкті пайдалану ережелерін бұзуы) сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Автотехникалық сараптама белгіленді», - деп жазылған ПД хабарламасында.