Атырауда 2 тоннадан астам балық тәркіленді

Автор: Аягөз Құрмаш

143 адам жауапқа тартылды

Атырау облысы аумағында 10 қыркүйек пен 31 қазан аралығында «Бекіре-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасының күзгі кезеңі өткізілді. Іс-шара кезінде Атырау қаласы аумағында орналасқан «Атырау-Дамба», «Атырау-Орал», «Атырау-Астрахань» тас жолдарына стационарлық бақылау-өткізу бекеттері қойылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сонымен қатар, қалалық басқарма және барлық аудандармен жергілікті жерлерінде Каспий теңізі мен Жайық өзені жағалауымен, облыстың айналма жолдарындағы автокөлік құралдарының қозғалысын бақылау үшін мобильдік топтар құрылды.

Тексеру жұмыстары жүргізіліп, қала ішіндегі Жайық өзені бойында балықты браконьерлік жолмен аулаудың жолын кесу мақсатында қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығында орналасқан бейнебақылау камералары жұмыс атқарды.

Балық қорының заңсыз айналымына байланысты 153 құқық бұзушылық анықталып, оның ішінде 145 заңсыз балық аулау және балық аулау ережелерін бұзумен, 3 заңсыз балық және балық өнімдерін сатумен, 5 заңсыз балық және балық өнімдерін тасымалдау фактілері анықталды.

Барлығы 154 құқық бұзушы ұсталып, олардан 2 тонна 538 кг балық, оның ішінде 438 кг бекіре тұқымдас балықтары, 153 балық аулау және 3 су көлік құралы тәркіленді.

Әкімшілік (ҚР ӘҚБтК-нің 383 б. Балық аулау қағидаларын бұзу) жауапкершілікке - 143 адам тартылды.