Қазіргі кезде тиісті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр
Қызылорда облысында жол-көлік апаты салдарынан бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 31 қазанда Қызылорда облысы Талдыарал ауылының тұсында, Шымкент – Самара тас жолының 471-шақырымында болған.
«Екі жеңіл автокөліктің соқтығысуы салдарынан бір адам қаза тапты. Сондай-ақ сегіз адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді», - делінген ПД хабарламасында.
Қазіргі кезде жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3 -бөлігімен (Автомобильдi басқаратын адамның жол жүрісі қағидаларын бұзып, абайсызда адамның өлiмiне әкеп соғу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Тиісті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.