Жетісу облысында жол апатынан бір адам қаза тауып, екі адам жарақат алды

Автор: Azattyq Rýhy

Қайғылы оқиға 31 қазанға қараған түні болған

Фото: polisia.kz

Жетісу облысында болған жол апатынан бір адам қаза тауып, екеуі жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 31 қазанға қараған түні Тельман-Кәлпе тасжолының 8-шақырымында, Кәлпе ауылының маңында болған.

«Mazda Cronos көлігін тізгіндеген 31 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған. Соның салдарынан көлік аударылып, жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Сондай-ақ жол апатынан екі жолаушы зардап шекті, олар түрлі дене жарақатымен Үштөбе қаласының ауруханасына жатқызылды», - делінген хабарламада.

Қазіргі кезде аталған дерекке қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.