Заңсыз айналымнан 282 келі есірткі тәркіленді
Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі мен психотроптық заттардың таралуына қарсы тұру шеңберінде есірткі қатерінің жолын кесуге бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, биылғы шілде мен қазан аралығында 36 есірткіге қарсы, оның ішінде Ресейлік, Өзбекстандық және Қырғызстандық әріптестестермен бірлескен операциялар өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«11 халықаралық және 14 аумақтық есірткі трафигінің арналары жойылды. Синтетикалық есірткі өндірумен айналысатын 4 жасырын лабораториясының іс-әрекеті бейтараптандырылды. Арнайы операциялар барысында есірткі құрылымдарының 59 қатысушысы ұсталды», - делінген комитет хабарламасында.
Заңсыз айналымнан 282 келі есірткі, оның ішінде 32 келі героин, 11 келі апиын, 60 келі синтетикалық есірткілер, 156 келі марихуана, 22 келі гашиш алынды.
«Сонымен қатар, айналымнан 861 «экстази» таблеткасы және психотроптық заттарды әзірлеуге арналған 3 тоннадан аса химиялық реагенттер шығарылды. Халықаралық есірткі бизнесіне қарсы тұру бойынша іс-шаралар жалғасып жатыр”, - делінген хабарламада.