Шымкент тұрғынына оқ атқан жігіт қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктіден Макаров тапаншасы мен 3 оқ тәркіленіп алынды

Шымкент тұрғынына оқ атқан жігіт қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

25 қыркүйек таңғы сағат 7:00-де Еңбекші АПБ-ның «102» арнасына Түркістан облысындағы ауруханалардың біріне 23 жастағы ер азаматтың атыс қаруынан жарақат алып жеткізілгені туралы хабарлама келіп түскен.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігімен (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі бойынша тіркеуге алынды.

Полиция қызметкерлері аталған хабарламаны алған бойда күдіктінің жеке басын анықтауға бағытталған қажетті шараларды қабылдап, жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Соның нәтижесінде Шымкент қаласының 23 жастағы тұрғыны анықталып, қала аумағында қолға түсті.

«Тергеу барысында белгілі болғандай, қыркүйектің 24-нен 25-не қараған түні күдікті қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің алдында екеуара ерегістің соңында қарудан қарсыласына оқ атқан. Соның салдарынан жәбірленуші асқазан аумағынан жарақат алып, ауруханаға түскен», - делінген хабарламада.

Жауап алу кезінде күдікті қаруды қайда жасырғандығын көрсетіп, аталған мекенжайдан айғақты зат ретінде Макаров тапаншасы мен 3 оқ тәркіленіп алынды. Алынған заттай дәлелдемелерге тиісті сараптамалар тағайындалды.

Ұсталған азаматтың осыған дейін де ҚР ҚК-нің 293-бабы (Бұзақылық) және 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша екі рет сотты болғандығы анықталды.

Қазіргі кезде күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауға алынды.