Антикорда 245 қылмыстық іс тоқтатылған
Қаңтар оқиғасы кезінде жәбірленушілерді азаптаған полиция қызметкерлеріне қатысты 357 істің біреуі ғана сотқа жеткен. Бұл туралы ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы Арман Саданов Мәжілісте айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Жалпы қаңтар оқиғасы бойынша барлық құқық қорғау органында азаптау бойынша 357 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде Ішкі істер министрлігі 107, антикор 202, Бас прокуратура 48 іс қозғады. ІІМ өзінің қызметкерлеріне қатысты істі тергемейді. Қазір барлық іс Антикор мен Бас прокуратурада тергеліп жатыр. Біздің мәліметіміз бойынша Антикорда 245 қылмыстық іс тоқтады. Өндірісте әлі де бірқатар іс бар. Алматы облысы департаментінің 5 қызметкеріне қатысты, үтік басқандардың ісі сотқа жолданды. Сот бойынша әлі бірде-бір шешім шыққан жоқ. Сотқа дейін бір ғана іс жетті. Оны Антикор мен Бас прокуратура жүргізіп жатыр. Біз оны реттей алмаймыз», - деді Саданов.