Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны 8,9 %-ға көбейіп кеткен
Статистика көрсетіп отырғандай, елімізде биылғы 9 айда 10,2 мыңға жуық жол-көлік апаты болып, соның салдарынан 15 мыңнан астам адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мәлім еткендей, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) 8,9%-ға артып кеткен.
«Жол апаттарының нәтижесінде 1,7 мың адам қаза тапты (21 %-ға өсті), оның ішінде 181-і – кәмелетке толмаған балалар, 457-і – әйелдер және 1 258-і – ер адамдар. Зардап шеккендер арасындағы кәмелетке толмағандардың үлесі 19,9%-ды (3 007) құрайды және олар негізінен автокөлік құралдарының соқтығысуынан зардап шеккен», - делінген комитете хабарламасында.
Жалпы 542 қоғамдық көлік 532 жол апатын жасап, онда 70 адам қаза тапқан. Сондай-ақ 783 адам жараланды (өткен жылы 446 көлік 436 жол апатына ұшырап, 61 адам қаза тапқан және 590 адам жараланған болатын).
«Талдау жұмысы көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының 86,6%-дан астамы жүргізушілердің кінәсінен болды (8 886, 2021 жылы – 7 726), оның ішінде 363-і (414) алкогольдік немесе есірткілік мас күйде болған. Жол апатынан зардап шеккендердің ішінде 2 947 адам 30-39 жас аралығында және 2 953 адам 21-29 жас аралығындағы жастар болған», - дейді ведомство өкілдері.
Сондай - ақ кінәлілердің арасында да көбінесе 30-39 жас аралығындағылар тіркелген - 2 616 адам, 21-29 жас аралығындағы жастар – 2 395 және 60 –тан жоғары жастағы қарттар – 670 адамды құрады.
«Жол апаттарының басым бөлігі немесе 7 471 (6 375) елдімекендерде жасалған, 1 918 (1 702) халықаралық, республикалық маңызы бар трассаларда, 869 (870) облыстық, аудандық маңызы бар жолдарда тіркелген.
Апта күндері бойынша жол апаттарының ең көп саны дүйсенбі – 1 567, сенбі – 1 538 және сейсенбі – 1 493 күндерінде жасалған. Көбінесе олар күндізгі уақытта – 6 253, түнде – 1 157 және күн батқаннан кейінгі мезгілде 1 662 оқиға болған», - делінген хабарламада.
Жол оқиғаларының көпшілігі құрғақ жолда – 7 864, дымқыл – 674, қарлы – 309, мұзды – 115 жолда жасалған.
Бұрынғыдай апаттардың ең көп саны Алматы қаласының жолдарында болған – 2 620 жағдай, ал ең жоғары өлім көрсеткіші Алматы облысында анықталды, онда 327 адам қайтыс болды. Елордада 495 ЖКО тіркелді.
Апаттардың ең аз саны Солтүстік Қазақстан облысында - 221 және Шымкент қаласы - 217 тіркелген.
«Еліміз жолдарындағы апаттар туралы толық ақпаратты «qamqor.gov.kz» Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің порталы «Географиялық карталар» бөлімінің «ЖКО» қосымшасынан көруге болатынын еске саламыз», - делінген хабарламада.