Астанада мигранттарды ұрып-соққандар ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото: ашық дереккөзден

«102» пультіне Астана қаласы Сауран көшесіндегі жатақханада Ресей азаматтарын ұрып-соғып, мүлкін тартып алғаны туралы хабарлама келген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Астана қаласының Полиция департаменті хабарлағандай, оқиға орнына келген полиция қызметкерлері ішімдік ішу нәтижесінде жатақхана қонақтары арасында жанжал туындағанын анықтады.

Бірге уақыт өткізген Ресейдің екі азаматы мен жатақхананы жалға алушылар арасында төбелес болған. Жергілікті тұрғындар мигранттарды ұрып-соғып, ұялы телефондары мен ақшаларын тартып алған.

«Полиция қызметкерлері ШҚО мен СҚО-ның 29 және 32 жастағы екі тұрғынын ұстады, олардың біреуі бұрын бірнеше рет сотталған. Күдіктілерге қатысты «тонау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта күдіктілер мойындау көрсетпелерін беріп, ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.