Аталған дерекке қатысты полиция өкілдері пікір білдірді
Маңғыстау облысында жаппай төбелеске қатысқан жасөспірімдер мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Әлеуметтік желілерде Шетпе ауылы жасөспірімдерінің бір-біріне аяусыз тас лақтырып, жаппай төбелесіп жатқан сәті түсірілген видео тарады.
«Мониторинг барысында аталған видеоның осы жылдың 8 қазанында сағат 22.00 шамасында Шетпе ауылындағы теміржол вокзалының жанында түсірілгені анықталды. 16-17 жас аралығындағы 18 жасөспірімнің жеке басы анықталды. Олар ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілді», - деп мәлімдеді облыстық ПД баспасөз қызметі.
Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ олардың әрқайсысымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
«Айта кетерлігі, бұл дерек бойынша ешқандай шағымдар мен өтініштер түскен жоқ», - деді полиция өкілдері.