Мектептегі асхананы жалға алушымен келісімшарт бұзылып, директор сөгіс алды
Павлодар облысы Шарбақты ауданында тәртіп сақшылары № 2 мектептің асханасын жалға алған кәсіпкерге қатысты сотқа дейінгі тергеуді тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Шарбақты аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен жиналған материалдар негізінде ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды.
«Полицейлер кінәлілерді ҚР ҚК 425-бабы – «халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзуы» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін құжаттарды санитарлық дәрігерлерге қайтарды», - дейді департаментте.
Мектеп асханасын жалға алушыға қандай жаза тағайындалатынын енді сот анықтайды. Кәсіпкер 1,5 миллион теңгеге жуық айыппұл төлейді.
«Оған осы мектепте қоғамдық тамақтану бойынша қызмет көрсету шартын бұзу туралы хабарлама жіберілген. № 2 мектептің директоры, оқу ісінің меңгерушісі және медбикесі қатаң сөгіс алды», - деп хабарлады Шарбақты ауданының әкімдігінде.
Еске салайық, 9 қыркүйекте тоғыз мектеп оқушысы медициналық көмек сұраған болатын. Олар құсу, іштің ауырсынуы, диарея белгілеріне шағымданды. Төртеуі облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды, бесеуі амбулаторлық ем алды. Санитарлық дәрігерлер мектеп асханасында бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады.
Атап айтқанда, асханада залалсыздандыру жұмыстары нашар жүргізіліп жатқаны анықталды. Ішінде шыбын-шіркей толы, жеміс-жидек пен көкөністердің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты құжаттар мен аспаздың жұмыс істеуге рұқсат қағазы болмағаны анықталды.