Алматыда есірткі қолданып, мас күйде көлік жүргізген әнші сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздіктегі бас бостандығынан айыру орындарында өтейтін болады

Фото: ашық дереккөзден

Алматыда музыкалық топтың солисі есірткіге мас күйде көлік жүргізгені үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы қаласы Полиция департаментінің Анықтау басқармасымен көлік жүргізу куәлігінен айырыла тұра, көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталған Ә. Мұрат мырзаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігімен қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталды.

«Тергеу барысында анықталғандай, өткен жылдың қыркүйек айында Ә. Мұрат есімді азаматты мас күйінде көлік жүргізген кезінде елордалық полиция қызметкерлері ұсталды. Сол кезде сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Алайда өзіне тиісті қорытынды жасамай, биылғы 6 тамызда Ә. Мұрат есімді азамат тағы да мас күйінде көлік тізгініне отырған. Медициналық тексеру кезінде оның есірткіге мас екені анықталды. Сол күні Мұрат мырзаның үстінен қылмыстық іс қозғалды және қамауға алынды», – деді Алматы қалалық ПД Анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.

28 қыркүйек Бостандық сотының үкімімен Ә. Мұрат ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру және 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздіктегі бас бостандығынан айыру орындарында өтейтін болады.

«Естеріңізге сала кетейін, жыл басынан бері анықтаушылар аяқтаған қылмыстық істер бойынша, сот үкімдерімен 95 адам көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылған. Осы ретте, Алматы қалалық ПД, азаматтарды заң бұзбауға шақырып, мұндай құқықтан айырыла тұра, көлік құралын мас күйінде жүргізу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын тағы да ескертеді», – деді Шәріпов.