Маңғыстау облысында жалған дипломмен жұмыс істеп келген мұғалімдер анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды

Фото: ашық дереккөзден

Маңғыстау облысындағы мектептерде тоғыз мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық прокуратура мәліметінше, Қарақия ауданындағы Аққұдық орта мектебінде еңбек пәнінің мұғалімі жалған дипломмен жұмыс істеген. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігі ("Көрінеу жалған құжат пайдалану") бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қарақия ауданының соты оған 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарды.

Ақтау қаласындағы екі мектепте де сондай жайттар анықталды. Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мұғалімдері оқушыларға жалған құжатпен сабақ беріп келген. Сондай-ақ Жаңаөзен қаласындағы үш мектепте де (орыс тілі мұғалімі, бастауыш сынып мұғалімі) заңбұзушылық тіркелді. Сонымен қатар Мұнайлы ауданындағы екі мектепте және Бейнеу ауданындағы бір мектепте бастауыш сынып мұғалімдері жалған дипломмен жұмыс істеген.

«Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ұстаздардың жалған дипломмен білім беруінің өскелең ұрпаққа тигізетін зиянын ескере отырып, облыс прокуратурасы осы бағыттағы жұмысты жалғастырып жатфр», - делінген хабарламада.