Қайғылы оқиға 22 қыркүйекте болған
Ақмола облысында жол-көлік апатынан қарағандылық байкер қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаменінің мәліметінше, қайғылы оқиға 22 қыркүйекте сағат 18.45 шамасында Астана – Петропавл республикалық тасжолында болған.
«Бурабай аудандық полиция бөліміне Астана – Петропавл айналма жолында «BMW S1000RR» спорттық мотоциклінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол қоршауына соғылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Апат салдарынан 41 жастағы байкер оқиға орнында көз жұмды», - делінген хабарламада.
Тергу барысында марқұмның Қарағанды қаласының тұрғыны екені және оқиға кезінде үйіне қайтып келе жатқаны анықталды.
Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде Қылмыстық кодексінің 345 –бабы 3-бөлігі бойынша тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды.