Салымшылар Көңілбай Шүкеновтің компаниясына алданғанын айтады
Белгілі кәсіпкер, AMANAT DRIVE және AMANAT HOME коопертивтерінің негізін қалаушы әрі басшысы Көңілбай Шүкенов алаяқтық жасады деп айыпталып отыр. Ол салымшылардың ақшасын алып, жүздеген адамды тақырға отырғызып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Экспресс К басылымына сілтеме жасап.
Салымшылар Көңілбай Шүкеновтің компаниясына алданғанын айтады. Жиған-тергендерінен бір-ақ күнде айырылып қалған салымшылар салған қаржысын қайтара алмай әуреге түскен. Олардың айтуынша, үй аламыз деп үміттеніп, артынан сан соғып қалғандардың саны жүзден асады.
«Жылына 20 пайыз дивидиент алып отырасың дегеннен кейін 1 миллион 400 мың теңгемді күйеуіме айтпай салып жібердім. Мұндай соманы көп адам салды. Арасында 500 мыңнан құйғандар да бар. Қазір солардың барлығы жылап отыр. Қазақстан бойынша алданғандар жетерлік», — дейді КТК телеаранасындағы «Астарлы ақиқат» бағдарламасына келген салымшылардың бірі.
«Көңілбайдың компаниясының жарнамасын әлеуметтік желілерден көрдім. Содан жинап отырған ақшамды салып жібердім. AMANAT HOME-ға ақша құйсаң, 3-5 айдың ішінде үйлі боласың деп сендірді. Ешқандай пайыз төлемейсіңдер деді. Мен Степногор қаласында тұрамын. Сол жерден үй аламын деген мақсатпен компанияға 2 миллион 100 мың теңгені салдым. Бірақ түбінде не үй, не ақша жоқ», — дейді тағы бір салымшы.
Бағдарламаға Көңілбай Шүкеновтің өзі келмеді. Бірақ ол бейнебайланыс арқылы студияға шығып, түсініксіздеу жауап берді.
«Екі жоба да менің жобам екені рас. Қазіргі уақытта AMANAT HOME-да 400-ге тарта салымшы бар. Олардың арасында ішінде менің таныстарым, достарым, туыстарым да жүр. Сондықтан да осы мәселенің түйіні шешілгенін және дұрыс шешілгенін күтеміз», — деді Көңілбай Шүкенов.