Аталған заңбұзушылықтар бойынша айыппұл сомасы 1 700 000 теңгеден асқан
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Әуежай-Астана» кеден бекетінің қызметкерлері 2022 жылдың басынан бастап қолма-қол ақша қаражатын декларацияламай немесе заңсыз алып кетудің 55 фактісін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, декларацияланбаған қолма-қол ақша сомасы 498 454 908 теңгені, атап айтқанда 1 083 599 АҚШ долларын құраған. Аталған заңбұзушылықтар бойынша айыппұл сомасы 1 700 000 теңгеден асты.
«Мысалы, 9 қыркүйекте Астана қаласының халықаралық әуежайында Дубайға бағытталған әуе рейсімен кетіп бара жатқан жолаушылар кедендік бақылаудан өткеннен кейін Астана қаласы бойынша МКД «Әуежай-Астана» кеден бекетінің қызметкерлері әуежайды тексеру қызметкерлерімен бірге Қазақстан азаматын тоқтатқан. Ұсталған кезде азаматтан декларацияланбаған ақша қаражаты, атап айтқанда 56 750 АҚШ доллары (бұл ҚР Ұлттық Банкінің 09.09.2022 ж.бағамы бойынша 26 911 985 теңгені құрайды) анықталды. Заң бұзушы ақшаның бір бөлігін аяқ киімінің ұлтарағының астына, ал қалған бөлігін қол жүгіне жасырған», - деп хабарлады Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ 25 тамызда Дубайға халықаралық әуерейсімен кетіп бара жатқан жолаушылар кедендік бақылаудан өткеннен кейін тағы бір қазақстандық азаматты тоқтатқан. Ұстау кезінде декларацияланбаған ақша қаражаты анықталды, атап айтқанда 14 100 АҚШ доллары (бұл ҚР Ұлттық Банкінің 25.08.2022 ж.бағамы бойынша 6 513 918 теңгені құрайды) табылған.
Қаржы министрлігі «Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы № 830 Жарлығымен (Жарлық) Қазақстан Республикасынан:
- 10 мың АҚШ доллары баламасынан асатын және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің әкету күніне белгіленген бағамы бойынша есептелген сомадағы қолма-қол шетел валютасы және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдары;
- Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығаратын 5, 10, 20, 50 және 100 г аффинирленген алтын құймалары және "ALTYN BARYS" алтынынан және "KÚMIS BARYS" күмісінен жасалған инвестициялық монеталар, сондай-ақ 100 г-дан астам аффинирленген алтын әкетуге тыйым салынғанын еске салады.
Осыған байланысты ведомство өкілдері шетелге шығуды жоспарлаған азаматтардан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтауды сұрайды.