Өскеменде тұрғынды 20 млн теңгеге алдап кеткен алаяқ ұсталды
Өскеменде тұрғынды 20 млн теңгеге алдап кеткен алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Өскемендікті 20 миллион теңгеге алдап кеткен алаяқты облыс орталығының полицейлері ұстап алған.
«Өскемен қаласы Үлбі полиция бөлімінің “102” жедел арнасына қаладағы ЖШС директорының бірі жүгінген. Арызданушының айтуынша, жыл басында бейтаныс ер адам спорттық құрал-жабдықтарды сатып алу-сатумен айналысатынын айтып, алаяқтық жолмен 20 миллион теңгені иемденіп алған, жәбірленуші оған ақшаны Спорт сарайы маңында тапсырған», - делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері Өскеменнің 25 жастағы тұрғынын ұстаған, ол мойындау көрсетпесін берген.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.